N10 ШАҢ КӨПІРШІКТЕРІ МАҢЫНДАҒЫ ЖАС ЖҰЛДЫЗ ОБЪЕКТІЛЕРІН АНЫҚТАУ
DOI:
10.26577/RCPh.2022.v83.i4.02Кілт сөздер:
N10 bubble, infrared radiation, young stellar objects, interstellar medium, astronomical catalogs, WISE, 2MASS.Аңдатпа
Соңғы онжылдық ішінде жұлдызаралық ортадағы ең маңызды бақылаулар электромагниттік сәулеленудің инфрақызыл және радио аймақтарында жасалды. Жұлдыздардың түзілуінің бірнеше бағыттары бойынша GLIMPSE (Galactic Legacy Infrared Midplane Survey Extraordinaire), MIPSGAL және WISE (Wide-field Infrared Survey Explorer) барлаулары ерекше қызығушылық тудырды. 3,4 мкм-ден 22 мкм-ге дейінгі толқын ұзындығындағы Галактикалық дискінің инфрақызыл көрінісінің ерекше белгілеріне иондалған сутегі аймақтары HII, инфрақызыл көпіршіктер, жас жұлдыздар объектілері, жұлдыздардың жаппай түзілуі, инфрақызыл қара бұлттар, диффуздық шаң, көмірсутектер мен миллиондаған жұлдыздардың сәулеленуін жатқызуға болады.
Заманауи әдебиеттерге талдау жасау арқылы жас массивті жұлдыздардың айналасындағы қыздырылған аймақтардағы инфрақызыл белгілер шаң көпіршіктер екені анықталды, сол себепті бұл жұмыста Churchwell каталогына енгізілген солтүстік инфрақызыл көпіршіктердің бірі – N10 көпіршіктің айналасындағы аймақтар зерттелді. WISE, 2MASS каталогтарының мұрағаттық деректерін қолданып, біз N10 шаң көпіршігінің айналасындағы жас жұлдыздар объектілеріне үміткерлерді іздеу жұмыстарын жүргіздік және 117 сәулелену объектілерін таптық. Koenig et al. (2014) зерттеушілерімен жасалған жіктеудің әртүрлі шарттарына сәйкес әрбір зерттелетін объект үшін олардың түс көрсеткіштері диаграммалары және спектріндегі энергияның таралуы тұрғызылды. Жасалынған зерттеудің нәтижесі бойынша N10 инфрақызыл шаң көпіршігінің айналасында эволюцияның ерте кезеңіндегі объектілер табылды: 13 объект - І класс жас жұлдыздар және 13 объект - ІІ класс жас жұлдыздар, 3 объект – өтпелі дискілерге жатқызылды.
